Страна

Теги:

Алматы облысы үшін агроөнеркәсіп кешенінің дамуы тек ауыл шаруашылығына ғана емес, бүкіл өңір экономикасына тікелей әсер етеді.

Дәл осы сала су ресурстарын тиімді пайдалану мен ирригация жүйелерінің жаңартылуына тікелей байланысты. Қазіргі таңда облыстағы 9 мың шақырымнан асатын суару желілері тозған, олардың тозуы 60%-ға жетіп, судың 50%-ы шығынға ұшырап отыр. Бұл мәселе әсіресе күріш, көкөніс, мал азығы егістері мен жем-шөп өндірісінде өз салдарын тигізуде.

Мәселені шешу мақсатында алдағы жылдары облыстың суару желілерін жаңарту жұмыстарына Ислам Даму Банкі арқылы 255 миллиард теңге бөлінуі жоспарланған. Нәтижесінде Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Райымбек және Ұйғыр аудандарында суару жүйелері жаңартылып, 111 мың гектар жер қайта айналымға енгізіледі. Сонымен қатар, су үнемдеу технологияларын қолдануды ынталандыру мақсатында облыстық бюджеттен жыл сайын 1 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлініп келеді. Соның арқасында 3 жыл ішінде технологияны қолданатын жер көлемі 20 мың гектардан 65 мың гектарға жетті. Бұл шаралар су ресурстарын сақтаумен қатар, өнімділікті арттыруға айтарлықтай мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмаған жерлерді қайтару да жүйелі жүргізіліп отыр. 2022–2025 жылдары 528 мың гектар пайдаланылмайтын жер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның 340 мың гектары қайтадан айналымға енгізілген. Бұл өңірдің ауылшаруашылық әлеуетін тиімді пайдалануға жол ашып, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Жеке қосалқы шаруашылықтар мен кооперативтерді дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тартуға арналған. Бүгінге дейін бағдарлама арқылы 11 миллиард теңгеге 1 373 шағын несие беріліп, ауыл халқының орташа табысы 22,7%-ға өсіп, 311,4 мың теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін арттырып, шағын кәсіпкерлікті дамытуға үлкен серпін беруде.

Алматы облысында ауылшаруашылығы санағы 18 жылнан кейін қайта қолға алынды. Санақтың басты мақсаты – аграрлық сектордың дамуын нақты бағалау, ауыл шаруашылығының қазіргі жай-күйін толық талдау және келешекке болжам жасау. 424 санақшы 160 мыңнан аса шаруашылықты аралап, 30 мыңнан астам ауылшаруашылық ұйымдары мен үй шаруашылықтарын онлайн және оффлайн режимде тіркеуден өткізді. Жұмыс қазір 82%-ға аяқталып, қалғаны да 20 қазанға дейін толық қамтылады.

Сарапшылар атап өткендей, тіркелмеген мал мен қожалықтарды базаға енгізу аса маңызды. Бұл шара болашақта нақты мал санын анықтап, келесі жылға нақты жоспар құруға мүмкіндік береді. Алматы облысының Әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, тіркелмеген мал мен қожалықтарды жаңадан тіркеу арқылы ауыл шаруашылығын жүйелі жоспарлауға жағдай жасалады.

Балқаш ауданында биыл күріш орағы қарқынды жүргізілуде. 7 700 гектар жерге егілген күріштен 34 шаруашылық өнім алып отыр. Орта есеппен әр гектардан 42 центнер өнім алынуда. Дегенмен малдың егістікке кіруі және ауа райының қолайсыздығы кейде қиындық тудырады. Аудан бойынша 28 мың гектар суармалы жердің 7 700 гектары күріш алқабы, оның 4 500 гектары орылып, 3 000 гектары бастырылған. Жиналған күріштің жалпы көлемі 12 мың тоннаны құрап отыр. Көктемгі дала жұмыстарына 409 тонна дизель отыны бөлініп, 143 тонна жанар-жағармай жеңілдетілген бағамен берілген. Сонымен қатар, жаз бойы Қапшағай су қоймасынан Ілеге секундына 750 текше метр су жіберіліп, егіс алқаптары су тапшылығына ұшырамады.

Шаруалар үшін басты қиындықтардың бірі — жайылымнан қайтқан малдың егістікке кіруі. Көптеген дақылдар, әсіресе күріш, толық бастырылғанша күзетуді талап етеді. Бұл — диқандардың қосымша күш жұмсап, өнім сапасын сақтауға мәжбүр ететін күрделі міндет.

 Алматы облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытуда су ресурстарын тиімді пайдалану, ирригация жүйелерін жаңарту, пайдаланылмаған жерлерді айналымға қосу және жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау арқылы тұрақты өсімге жетуді көздейді.

 


Хронометраж
Категория Jourt
Автор Жiбек Рахым
Дата 27.11.2025

Актуальное в других разделах

Maktub
Шолпан Жабаева
JourEQ
Анжела Гарипова
Поколение возможностей
За дело
Шолпан Жабаева